Казахтелеком

73%

2.4. Реттеуші ортаны шолу

«Қазақтелеком» АҚ Қазақстан Республикасының ұлттық байланыс операторы болып табылады және Халықаралық электр байланысы одағының Регламентіне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес басқа мемлекеттердің байланыс әкімшіліктерімен, компаниялармен, пайдаланушылармен, халықаралық ұйымдармен есеп айырысуға құқығы бар ортақ пайдаланудағы телекоммуникация желісінің (оның ішінде қалааралық және халықаралық байланыс) операторы функцияларын жүзеге асырады.

2025 жылы Компания қызметі заңнамалық және нормативтік базаның елеулі өзгерістері жағдайында өтті. Компания қызметін регламенттейтін Қазақстан Республикасының негізгі нормативтік актілері: ҚР Кәсіпкерлік кодексі, ҚР «Байланыс туралы», «Ақпараттандыру туралы», «Жасанды интеллект туралы», «Табиғи монополиялар туралы», «Акционерлік қоғамдар туралы», «Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер туралы», «Дербес деректер туралы» Заңдары.

Төменде 2025 жылдың негізгі жаңалықтарына, оның ішінде ҚР Кәсіпкерлік кодексіне, ҚР «Байланыс туралы» Заңына түзетулерге, лицензиялау мен тарифтік реттеудегі өзгерістерге, сондай-ақ киберқауіпсіздік саласындағы саясатқа (мысалы, трафикті сертификаттау және қауіпсіздік сертификатын қолдану) талдамалық шолу ұсынылған. 2025–2026 жж. күшіне енетін өзгерістерге және олардың «Қазақтелеком» АҚ қызметіне әсеріне, оның ішінде IP-трафикті басқаруға, антифрод-бақылауға, бәсекелестердің инфрақұрылымға қол жеткізуіне және Қалааралық және (немесе) халықаралық байланыс операторларының телекоммуникация желілерін қосу және өзара іс-қимыл жасау және трафикті өткізуді реттеу қағидаларына ерекше назар аударылды.

Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі

Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі (бұдан әрі — ҚР КК) Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік еркіндігін қамтамасыз ететін құқықтық, экономикалық және әлеуметтік шарттар мен кепілдіктерді айқындайды, кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекеттің өзара іс-қимыл жасауына, оның ішінде кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу мен қолдауға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.

ҚР Кәсіпкерлік кодексіне 2025 жылғы түзетулер инвестициялық келісімшарттардың жаңа түрлерін енгізіп, инвесторлар қандай жеңілдіктерді және қандай шарттарда алатынын егжей-тегжейлі белгілейді. Осылайша, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2025 жылғы 18 шілдедегі № 215-VIII Заңымен (қолданысқа енгізілмеген) өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, олардың арқасында кәсіпкерлердің өздері үшін инвестициялық преференциялардың айқынырақ жүйесі пайда болады, бірақ онымен бірге талаптар мен бақылау күшейтіледі. Бұл ретте инвестициялар деп жарғылық капиталға, ұзақ мерзімді активтерге немесе мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) жобаларына салынатын кез келген мүлік (жеке тұтынудан басқа) және оған құқықтар түсініледі. Бизнес үшін негізгі құрал, жылжымайтын мүлік, материалдық емес және биологиялық активтер ретінде «тіркелген» орнына енді «ұзақ мерзімді активтер» бірыңғай термині пайдаланылады. Мемлекеттік қолдау шараларының тізбесі бекітіледі: «бір терезе» қағидаты бойынша қолдау, орталық және жергілікті органдардың көмегі, инвестициялық префе­ренциялар. Мемлекеттік органдардың көмегі (бір терезе мен преференциялардан басқа) енді тек инвестордың қарсы міндеттемелері (инвестициялар көлемі, қызмет түрі және т.б. бойынша) болған жағдайда ғана беріледі. Уәкілетті орган мемлекеттік жерді алу үшін жобаны «инвестициялық» деп тану тәртібін белгілейді.

Инвестициялық преференциялар үш келісімшарт түрінің бірі бойынша ғана, атап айтқанда инвестициялар туралы келісім, инвестициялық міндеттемелер туралы келісім немесе оңайлатылған инвестициялық келісімшарт бойынша беріледі. Салықтар бойынша преференцияларды инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган жоба бойынша өтінім мен материалдарды қарау нәтижелері бойынша береді, салықтардан толық босату болуы мүмкін емес.

Инвестициялар туралы келісім үшін КТС-ті 100%-ға азайту, жер салығы мен мүлік салығы бойынша нөлдік ставка, преференциялар мерзіміне тіркелген ставкалар мен коэффициенттер көзделген. Инвестициялық міндет­темелер туралы келісім үшін басты артықшылық — келісім шарттары негізіндегі салық заңнамасының тұрақтылығы. Оңайлатылған келісімшарт бойынша — келісімшарт мерзімі ішінде жабдыққа, жинақтаушыларға, қосалқы бөлшектерге, шикізат пен материалдарға кеден баждарынан босату, бірақ активтерді пайдалануға беру­ден 5 жылдан аспайды. Оңайлатылған келісімшарт бойынша инвестор жарты жылдық есептер тапсыруға, активтерді пайдалануға беруді және жеңілдікті жабдық пен шикізатты пайдалануды растауға міндетті, ал жоба аяқталғаннан кейін аудиторлық есеп беруге міндетті. Бұзушылықтар болған жағдайда уәкілетті орган түзетуге 3 ай береді; егер жабдық пен шикізат пайдаланылмаса, жеңілдікті баждарды өсімімен қосымша төлеу қажет. Алынған заттай гранттың мақсатын өзгертуге және оңайлатылған келісімшарт қолданылған кезеңде оны сатуға/жалға беруге тыйым салынады.

Сонымен қатар, инвестициялық преференциялардың әлеуметтік-экономикалық дамуға әсерін талдау үшін олардың тиімділігін бағалау туралы жеке бап енгізіледі. Бұл бағалауды инвестицияларды тарту саясаты жөніндегі уәкілетті орган өзінің тәртібі бойынша жүргізеді.

2-тармақ (инвестициялық міндеттемелер туралы келісім және байланысты нормалар туралы) 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді, яғни жаңа қағидалардың бір бөлігі кейінірек жұмыс істей бастайды.


Қазақстан Республикасының «Байланыс туралы» Заңы

Қазақстан Республикасының «Байланыс туралы» Заңы (бұдан әрі — Байланыс туралы Заң) телекоммуникация саласындағы қызметтің құқықтық негіздерін айқындайды, байланыс қызметтерін лицензиялау, жиіліктерді бөлу тәртібін, операторлар мен пайдаланушылардың құқықтары мен міндеттерін, сондай-ақ салада мемлекеттік уәкілетті органның (министрліктің) өкілеттіктерін белгілейді.

Қазақстан Республикасының 30.06.2025 жылғы № 205-VIII, 18.07.2025 жылғы № 215-VIII және 17.11.2025 жылғы № 231-VIII Заңдарымен Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 5 шілдедегі № 567-II «Байланыс туралы» Заңына бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, олар 2025 жылғы 31 тамыздан бастап, сондай-ақ ішінара — 2026 жылғы 2 қаңтардан, 2026 жылғы 1 қаңтардан және 2026 жылғы 18 қаңтардан бастап күшіне енді:

  • рұқсат етілмеген трафиктің (фродтың) — телекоммуникация желілерін қосу мен өзара іс-қимыл жасаудың, оның ішінде трафикті өткізу мен өзара есеп айырысу тәртібінің белгіленген қағидаларын бұза отырып өткізілетін трафиктің, оның ішінде шақырушы абонент нөмірін ауыстырумен болатын трафиктің жаңа ұғымы енгізілді;
  • байланыс операторларының ішкі антифрод-жүйелеріне ие болу және рұқсат етілмеген трафикті (фродты) бұғаттауды жүзеге асыру міндеті белгіленді;
  • ұялы байланыс абоненттік құрылғыларының сәйкестендіру кодтарының дерекқорымен және (немесе) ұялы байланыс операторларының дерекқорларымен абонент туралы ақпаратты, оның ішінде тегін, атын, әкесінің атын (бар болса), жеке сәйкестендіру нөмірін және абонентке ресімделген абоненттік нөмірлерді алу үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің антифрод-орталығының интеграциясы көзделген;
  • ұялы байланыс операторларына алаяқтық белгілері бар қоңырау шалынған абоненттік нөмір, сондай-ақ байланыс желілеріндегі алаяқтық әрекеттер анықталған кезде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің антифрод-орталығына абонент туралы ақпаратты, оның ішінде тегін, атын, әкесінің атын (бар болса), жеке сәйкестендіру нөмірін және абонентке ресімделген абоненттік нөмірлерді бере отырып хабарлау міндеті бекітілді;
  • алаяқтық белгілері бар қоңырау шалынған абоненттік нөмірді, сондай-ақ байланыс желілеріндегі алаяқтық әрекеттерді анықтау тәртібі байланыс қызметтерін көрсету қағидаларымен айқындалатыны белгіленді;
  • ұялы байланыс операторларына ерекше жағдайларда, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің антифрод-орталығынан ақпарат алған кезде тиісті абоненттік нөмірге, оның ішінде GSM-шлюзге (сим-боксқа) байланыс қызметтерін көрсетуді байланыс қызметтерін көрсету қағидаларында белгіленген тәртіпте және мерзімдерде тоқтата тұру міндеті көзделді;
  • байланыс операторлары мен телекоммуникация желілері иелеріне жергілікті, қалааралық, халықаралық және ұялы байланыс желілерінде рұқсат етілмеген трафикті (фродты) өткізуге тыйым салу белгіленді;
  • ұялы байланыс операторына абонент өтініші бойынша жеке, отбасылық және өзге де пайдалану үшін жеткілікті оннан аспайтын абоненттік нөмір ресімдеу міндеті бекітілді;
  • сәйкестендірілетін тұлғаның ағымдағы бейнесін және биометриялық деректер базасынан эталондық бейнені салыстыру арқылы абонентті биометриялық сәйкестендіру жүргізілмей ұялы байланыс қызметтерін көрсету туралы шарт жасасуға тыйым салу белгіленді;
  • абоненттік нөмірлер пайдалану үшін берілетін жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың қызметкерлерін абоненттік нөмірді ресімдеуге өтініш берілген сәттен бастап он жұмыс күнінен аспайтын мерзімде биометриялық сәйкестендірудің міндеттілігі көзделген;
  • Қазақстан Республикасы Салық кодексі 89-бабының 2-тармағында айқындалған жағдайларда, оның ішінде байланыс операторлары және (немесе) мемлекеттік техникалық қызметтің тиісті нұсқаманы дереу орындау міндетін қоса алғанда, шетелдік компанияның интернет-ресурсқа және (немесе) интернет-алаңға қол жеткізуін шектеу тәртібі белгіленді;
  • салық органы басшысының немесе оның орынбасарының шешімі негізінде Қазақстан Республикасы Салық кодексінде көзделген негіздер бойынша интернет-ресурсқа және (немесе) интернет-алаңға қол жеткізуді шектеуді алу тәртібі көзделді;
  • байланыс операторларының және (немесе) байланыс желілері иелерінің Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетімен келісім бойынша уәкілетті орган айқындайтын тәртіпте үшінші тұлғаларға бермей мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органға абоненттер туралы дербестендірілмеген деректерді ұсыну міндеті бекітілді;
  • 2025 жылдың басымдықтарының бірі телефондық және интернет-алаяқтықтың алдын алу болғаны айқындалды, осыған байланысты ЦДИАӨМ бастамасымен алаяқтарға қарсы күреске бағытталған байланыс қызметтерін көрсетудің жаңа Қағидалары әзірленіп, 2025 жылдың аяғына дейін енгізілді;
  • барлық ұялы операторларға алаяқтық әрекеттерді анықтау мен олардың алдын алу автоматтандырылған жүйелерін өрістету міндеті белгіленді;
  • алаяқтық үшін пайдалану жөнінде күдікті SIM-картаны уақытша бұғаттау рәсімі, оның ішінде тексеру мерзімдері, бұғаттау тәртібі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің антифрод-орталығын хабардар ету, сондай-ақ бұзушылықтардың расталмаған жағдайында бұғаттан шығару тәртібі регламенттелді;
  • SIM-карталарды сату кезінде биометриялық сәйкестендіруді міндетті енгізу, оның ішінде байланыс операторларының қажетті инфрақұрылымды дайындау және мемлекеттік дерекқорлармен интеграциялау көзделді;
  • байланыс операторларына алаяқтық SMS-хабарламалар мен қоңыраулар туралы абоненттердің өтініштерін қабылдау арналарын ұйымдастыру және оларды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің антифрод-орталығымен бірлесіп өңдеуді қамтамасыз ету міндеті белгіленді.

Қазақстан Республикасының «Жасанды интеллект туралы» Заңы

Қазақстан Республикасының «Жасанды интеллект туралы» Заңы (бұдан әрі — Заң) 2025 жылғы 19 қарашада қабылданды. Заңның мақсаты — жасанды интеллект (бұдан әрі — ЖИ) саласындағы қоғамдық қатынастарды мемлекеттік реттеу, жасанды интеллектінің дамуын қамтамасыз ету және адам өмірінің сапасын жақсарту мен экономика тиімділігін арттыру үшін оны әртүрлі салаларға енгізуді ынталандыру.

ЖИ саласындағы мемлекеттік реттеудің негізгі міндеттері:

  1. жасанды интеллект саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеудің құқықтық және ұйымдастырушылық негізін айқындау;
  2. ЖИ жүйелерін пайдалануда, сондай-ақ ЖИ жүйелерінің қызметі нәтижелерінде ашықтық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
  3. ЖИ саласын дамытуға инвестициялар тарту үшін қолайлы жағдай жасау;
  4. ЖИ саласындағы зерттеулер мен инновацияларды мемлекеттік қолдау.

Заңның негізгі ережелері

Заң «жасанды интеллект», «ЖИ жүйесі», «ЖИ моделі» және «синтетикалық нәтижелер» сияқты базалық ұғымдарды енгізіп, оларды пайдаланудың негізгі қағидаттарын бекітеді. Заңмен мемлекеттік органдар мен ЖИ ұлттық платформасы операторының өкілеттіктері регламенттелді, ЖИ жүйелерінің меншік иелері, иеленушілері мен пайдаланушыларының құқықтары мен міндеттері айқындалды, ЖИ жүйелерін тәуекел деңгейі мен дербестігі бойынша жіктеу енгізілді, сондай-ақ жекелеген қолдану түрлеріне тыйым салулар белгіленді. Сонымен қатар, деректер кітапханалары мен авторлық құқықтар мәселелері, оның ішінде ЖИ модельдерін өзге шығармаларда оқыту реттелді. Тәуекелдерді басқарудың, ЖИ-ні пайдаланудың ашықтығының және жауапкершіліктің негіздері айқындалды.

Заңға сәйкес ЖИ деп адамның когнитивтік функцияларын имитациялау және адамдыкімен салыстырылатын немесе одан асатын нәтижелер беру функционалдық қабілеті түсініледі (1-баптың 3) тармақшасы).

ЖИ жүйесі ЖИ-нің бір немесе бірнеше моделінде жұмыс істейтін ақпараттандыру нысаны ретінде айқындалады (1-баптың 5) тармақшасы). Осылайша, машиналық оқыту модельдеріне сүйеніп деректерді өз бетімен өңдейтін, болжамдар жасайтын немесе шешімдер қабылдайтын кез келген сервис ЖИ жүйесі ұғымына сәйкес келеді.

Заңның Компания қызметіне қолданылуы

ЖИ-ні операциялық қызметке енгізуді және Компанияның ұлттық ЖИ-инфрақұрылымын дамытуға қатысуын ескере отырып, «Қазақтелеком» бір мезгілде:

  • ішкі процестерге енгізілетін ЖИ жүйелерінің меншік иесі және (немесе) пайдаланушысы;
  • меншікті алгоритмдер мен талдау құралдарын құру кезінде ЖИ жекелеген модельдерінің әзірлеушісі;
  • мемлекеттік органдар мен салалық серіктестерге арналған ЖИ-шешімдердің жеткізушісі.

ЖИ-ні пайдалану қағидаттары

Заң талаптарды қағидаттар жүйесі арқылы бекітеді. Заңдылық қағидаты ЖИ жүйелері тек заңнама шеңберінде құрылатынын және пайдаланылатынын білдіреді (5-бап). Әділдік пен теңдік қағидаты әлеуметтік, этникалық, діни және өзге де негіздер бойынша кемсітушілікке жол бермеуді белгілейді (6-бап). Компания үшін бұл деректерді өңдеу мақсаттарын және қабылданған шешімдерді Заңға, Ақпараттандыру туралы Заңға, Дербес деректер туралы Заңға және өзге де нормативтік актілерге сәйкестігіне құқықтық бағалау қажеттігін, сондай-ақ абоненттерді негізсіз кемсіте алатын алгоритмдер мен модельдерді қолдануға жол бермеуді білдіреді.

Ашықтық пен түсіндірілушілік қағидаты пайдаланушыға ЖИ жүйесінің сипаттамалары мен шектеулері туралы ақпарат беруді көздейді (7-бап). Іс жүзінде бұл негізгі шешімдердің (оның ішінде қызмет көрсетуден бас тарту немесе антифрод-бұғаттаулардың) минималды қажетті түсіндірілушілік деңгейін қамтамасыз етуді, абонентке туындаған жағдайдың негіздерін және өз құқықтарын қорғау тәсілдерін түсінуге мүмкіндік беруді талап етеді. Жауапкершілік пен бақыланушылық қағидаты меншік иесінің, иеленушінің және (немесе) пайдаланушының ЖИ жүйесін тұрақты бақылауды қамтамасыз ету міндетін көздейді. Заң сондай-ақ адамның әл-ауқатының басымдығын, шешімдер қабылдау кезіндегі ерік еркіндігін (9-бап) және деректер мен құпиялылықты қорғау бойынша талаптарды (10-бап) бекітеді. Тиісінше, абонентке елеулі әсер ететін ЖИ шешімдері (қызметті шектеу, тарифтік шешімдер, бұғаттаулар) оларды дауласу және тексеру мүмкіндігін көздеуге тиіс. Компания дербес деректер және ақпарат құпиялылығы режимін, оның ішінде сыртқы ЖИ-сервистер мен бұлттық инфрақұрылымды пайдалану кезінде сақтауға міндетті.


Деректер кітапханалары және синтетикалық нәтижелер

Заң «деректер кітапханасының өндірушісі» ұғымын енгізеді, оған ЖИ модельдерін оқытуға жарамды деректерді жинау, өңдеу және құрылымдауды ұйымдастырған тұлға жатады (1-баптың 2) тармақшасы). Компания үшін мұндай тұлғалар ішкі IT-бөлімшелер де, сыртқы мердігерлер де болуы мүмкін.

«Синтетикалық нәтижелер» деп ЖИ жүйесі жасаған немесе өзгерткен және адамның сыртқы келбетін, дауысын, мінез-құлқын немесе болмаған оқиғаларды имитациялайтын суреттер, видеолар, аудиолар, мәтіндер және өзге де материалдар түсініледі. Клиенттік сервистерге мұндай шешімдерді енгізген жағдайда таңбалау, келісім алу және теріс пайдалануды болдырмау бойынша жеке бақылау талап етіледі (21-бап).

ЖИ жүйелері меншік иелері мен пайдаланушыларының құқықтары мен міндеттері

ЖИ жүйелерінің меншік иелері мен иеленушілері ЖИ жүйелерін пайдалану шарттары мен шектеулерін айқындауға және оларға өз құқықтарын қорғауға құқылы. Бұл ретте оларға тәуекелдерді басқару, қауіпсіздік пен сенімділікті қамтамасыз ету, құжаттаманы жүргізу, пайдаланушыларды қолдау және пайдаланушылық келісімдерді ұсыну бойынша міндеттер жүктеледі (15-бап).

«Қазақтелеком» компаниялар тобы ЖИ жүйелерін әзірлейтін немесе сатып алатын жобаларда Компания осындай жүйелердің меншік иесі әрі иеленушісі ретінде әрекет етеді, бұл олардың қауіпсіз пайдаланылуы, мониторингі және жол берілмейтін тәуекелдерді болдырмау бойынша кеңейтілген міндеттемелер кешенін көздейді. Сыртқы ЖИ-платформалары қатысты Компания пайдаланушы ретінде әрекет ете алады, бұл пайдаланушылық келісімдерді талдауды және деректерді беру көлемі мен негіздерін бақылауды талап етеді. Осыған байланысты ішкі саясатта пайдалану шектеулерін белгілеу қажет.

ЖИ жүйелерін жіктеу және тыйым салулар

ЖИ жүйелері тәуекел дәрежесі бойынша (минималды, орташа, жоғары) жіктеледі, бұл ретте тәуекел санатына жатқызуды меншік иесі жүзеге асырады. Сонымен қатар, жүйелер дербестік деңгейі бойынша төмен, орташа және жоғары деңгейге бөлінеді. ЖИ-сервистерді енгізу кезінде Компания дербестік деңгейін саналы түрде таңдап, құжаттауы тиіс.

Заң адамның санасына манипуляция жасайтын, саналы шешімдер қабылдау қабілетін шектейтін, адамның осалдықтарын пайдаланатын, дербес деректер туралы заңнаманы бұзатын, кемсітушілік жасайтын, келісімсіз эмоцияларды анықтайтын немесе тыйым салынған нәтижелерді жасайтын және тарататын ЖИ жүйелерін құруға және пайдалануға тыйым салады. ЖИ-жобаларын бағалау кезінде мұндай ерекшеліктер жобалау немесе сатып алу сатысында анықталып, бұғатталуға тиіс.

Пайдаланушыларды хабардар ету және авторлық құқықтар

Заң пайдаланушыларды тауарлар, жұмыстар мен қызметтер ЖИ жүйелерін пайдаланып өндірілгені немесе көрсетілетіні туралы хабардар етуді талап етеді. Компания үшін бұл клиенттік сервистерде ЖИ пайдалануды міндетті түрде көрсетуді білдіреді. ЖИ жасаған кез келген мәтіндер, аудио немесе видео синтетикалық деп таңбалануы тиіс. Бұл ретте адамның шығармашылық үлесінсіз ЖИ жасаған шығармалар авторлық құқықпен қорғалмайды, ал пайдаланушылардың мәтіндік сұраулары (промпттер) авторлық құқық объектісі бола алады.

Бақылау және жауапкершілік

Уәкілетті орган тәуекелдің жоғары дәрежесіндегі сенімді ЖИ жүйелерінің тізбелерін қалыптастырады. Мұндай тізбелерге қосу үшін ақпараттық жүйелердің аудиті, оның ішінде деректер кітапханаларын пайдаланудың сапасы мен заңдылығын бағалау жүргізіледі.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне ЖИ саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік белгілейтін арнайы нормалар енгізілді (2026 жылдан бастап күшіне енеді). Мұндай бұзушылықтарға, оның ішінде:

  1. ЖИ жүйесі қызметінің синтетикалық нәтижелері туралы пайдаланушыларды хабардар ету міндетін орындамау;
  2. тәуекелдің жоғары дәрежесіндегі ЖИ жүйелерінің тәуекелдерін орынсыз басқару, бұл теріс салдарларға әкелді.

Көрсетілген бұзушылықтар үшін айыппұлдар түріндегі сараланған жауапкершілік, ал қайталанатын бұзушылықтар жағдайында тиісті ЖИ жүйелерінің қызметін тоқтата тұруды немесе тыйым салуды қоса алғанда, қосымша санкциялар белгіленген. Істерді қарау жасанды интеллект саласындағы уәкілетті органның құзыретіне жатқызылды.

Қайталанатын бұзушылықтар кезінде негізгі ЖИ жүйелерінің қызметін тоқтата тұру немесе тыйым салу тәуекелі туындайды, бұл бизнес-процестердің бұзылуына, міндеттемелерді орындау мерзімдерінің бұзылуына және резервтік немесе қолмен жүргізілетін процестерге көшу қажеттігіне әкелуі мүмкін.

Қазақстан Республикасының «Табиғи монополиялар туралы» Заңы

Қазақстан Республикасының «Табиғи монополиялар туралы» Заңы табиғи монополиялар субъектілері көрсететін қызметтерге қолданылады және телекоммуникация нарығының жекелеген сегменттеріне (атап айтқанда, тіркелген байланыс пен инфрақұрылымға қол жеткізу) қолданылады. Заң әлеуметтік маңызды қызметтерге арналған тарифтерді мемлекеттік реттеуді және монополист-операторлардың инвестициялық бағдарламаларын бақылауды белгілейді. «Қазақтелеком» АҚ үстем оператор ретінде осы Заңға сәйкес ортақ пайдаланудағы байланыс қызметтеріне арналған тарифтер бөлігінде қадағалауға жатады.

2025 жылы Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 27 желтоқсандағы «Табиғи монополиялар туралы» Заңына мемлекеттік реттеу жүйесін жаңғыртуға, табиғи монополиялар салаларының инвестициялық тартымдылығын арттыруға және тұтынушылар мен табиғи монополиялар субъектілерінің мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды өзгерістер енгізілді.

Негізгі түзетулер Қазақстан Республикасының 2025 жылғы 15 наурыздағы № 172-VIII Заңымен қабылданды, ол мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін дамытуға және тарифтік реттеуді нақтылауға бағдарланған, оның ішінде:

  • Заңның 1-бабы елеулі түрде қайта өңделді, онда жүйелі түрде реттеу мақсаттары (тұтынушылар мен табиғи монополиялар субъектілерінің мүдделерінің теңгерімі, мемлекеттік реттеудің құқықтық негіздері), міндеттер (қызметтердің қолжетімділігі, тараптар мүдделерін қорғау, қызметтер сапасын ынталандыру), сондай-ақ тарифтің негізділігін, жариялылық пен ашықтықты қоса алғанда, реттеудің негізгі қағидаттары бекітілді;
  • тарифті қалыптастыру бөлігінде МЖӘ конкурстық құжаттамасы мен шарттарын келісу бойынша уәкілетті органның өкілеттіктерін нақтылауды қоса алғанда, мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) жобалары бойынша тарифті қалыптастыруды кешенді реттеу енгізілді;
  • МЖӘ шарты негізінде тарифті айқындау тәртібін егжей-тегжейлі реттейтін Заңның 19-бабы жаңа редакцияда жазылды;
  • тариф экономикалық негізделген шығындарды жабуды, мемлекеттік және жекешелік әріптестердің инвестицияларын қайтаруды, сондай-ақ жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіне сәйкес кірістілік деңгейін қамтамасыз етуге тиіс деген талап бекітілді;
  • табиғи монополияларды реттеу жөніндегі уәкілетті органның, салалық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың функциялары мен өзара іс-қимыл тәртібі нақтыланды.

Бұдан басқа, 2025 жылы «Қазақтелеком» АҚ қызметінде қолданылатын Қазақстан Республикасының жекелеген заңнамалық актілеріне, оның ішінде Қазақстан Республикасының Салық кодексіне, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне, сондай-ақ байланыс қызметтерін көрсету саласындағы заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер мен өзге де нормативтік құқықтық актілерге жалпы сипаттағы өзгерістер енгізілді.

2025 жылы Цифрлық даму министрлігі тұлғасындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі болып қайта құрылды. Министрлік Телекоммуникация комитеті арқылы байланыс саласында лицензиялауды, радио­жиіліктерді бөлуді және техникалық қадағалауды жүзеге асырады. Министрлік жанындағы Ақпараттық қауіпсіздік комитеті кибер- және ақпараттық қауіпсіздік мәселелеріне жауапты.

Монополиялық сегменттердегі қызметтерге арналған тарифтер табиғи монополияларды реттеу жөніндегі уәкілетті органмен (бұрын — Табиғи монополияларды реттеу комитеті, қазіргі уақытта функцияларды Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жүзеге асырады) келісіледі.

Сала үшін сондай-ақ байланыс қызметтерін көрсету, желілерді қосу және инфрақұрылымға қол жеткізу қағидаларын қоса алғанда, бейіндік министрлік бекітетін салалық қағидалар мен стандарттар қолданылады.


«Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңы

Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 24 қарашадағы «Ақпараттандыру туралы» Заңына лицензиялау, ақпараттық қауіпсіздік, деректерді өңдеу және жасанды интеллект жүйелерін пайдалану мәселелерін қозғайтын өзгерістер енгізілді, оның ішінде:

  • ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы қызмет Қазақстан Республикасының рұқсаттар мен хабарламалар туралы заңнамасында белгіленген тәртіпте лицензиялауға жататыны белгіленді; бұл ретте ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы лицензиаттар лицензиарға есептерді, хабарламаларды, сондай-ақ тізбесін, нысандары мен мерзімдерін лицензиар біліктілік талаптары шеңберінде айқындайтын өзге де ақпаратты ұсынуға міндетті;
  • жасанды интеллект ұлттық платформасы операторының құпия болып табылатын электрондық ақпараттық ресурстарға олардың дербестендірілуін міндетті қамтамасыз ете отырып қол жеткізу тәртібі айқындалды; деректерді беру деректерді басқару бойынша талаптарға сәйкес жүзеге асырылады;
  • дербес деректерді автоматтандырылған өңдеу Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатыны туралы талап бекітілді;
  • «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру нысандарына жатқызылған жасанды интеллект жүйелерін құру және дамыту Қазақстан Республикасының жасанды интеллект саласындағы заңнамасында көзделген ерекшеліктерді ескере отырып жүзеге асырылатыны белгіленді.

Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексі

Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексі Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі қабылдап, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің 2025 жылғы 3 желтоқсандағы № 882-VIII қаулысымен Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына жіберілді. Цифрлық кодекс цифрлық орта саласындағы құқықтық қатынастарды реттейтін кешенді құжат болып табылады.

Кодекс «цифрлық мемлекеттің» жұмыс істеуінің негіздерін, электрондық қызметтерді көрсету және деректер айналымы қағидаттарын, азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын бекітеді, сондай-ақ эксперименттік цифрлық жобаларды іске асыруға арналған бірыңғай қағидаларды енгізеді.


Балалардың ақпараттық қауіпсіздігі мәселелері бойынша заң жобасы

2026 жылы Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне балалардың ақпараттық қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының (бұдан әрі — заң жобасы) қабылдануы күтілуде. Заң жобасы кәмелетке толмағандардың психикалық денсаулығы мен дамуына елеулі әсер ететін онлайн-контенттің өсуі, әлеуметтік желілердің, онлайн-платформалардың және цифрлық сервистердің таралуы жағдайында балаларды цифрлық ортада қорғаудың кешенді жүйесін құруға бағытталған.

Қолданыстағы заңнама заманауи цифрлық тәуекелдерді, оның ішінде жас верификациясы тетіктерінің болмауын, жас шектеулерін сақтауды бақылаудың жеткіліксіз болуын, балалар үшін құпиялылық пен қауіпсіз алгоритмдік профильді қамтамасыз ету бойынша онлайн-платформаларға міндетті талаптардың болмауын, сондай-ақ ата-аналық бақылау құралдарының төмен тиімділігін толық қамтымайды. Заң жобасы көрсетілген олқылықтарды жоюға бағытталған.

Заң жобасының негізгі ережелері мыналарды көздейді:

  1. ата-аналарға балалардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ата-аналық бақылау құралдарын пайдалану міндетін енгізу:
  2. құқықтық айқындықты және нормаларды біркелкі қолдануды қамтамасыз ету мақсатында «ата-аналық бақылау» және «жас верификациясы» ұғымдарын бекіту;
  3. онлайн-платформаларға дербес деректерді бермей жасты тексерудің мемлекеттік құралы ретінде Жас верификациясының ұлттық жүйесін құру;
  4. онлайн-платформалардың әдепкі бойынша құпиялылық параметрлерін қолдану, алгоритмдік тәуекелдерді азайту және ұсыныстар жүйелерінің ашықтығын қамтамасыз ету бойынша міндеттемелерін белгілеу;
  5. барлық ақпараттық өнімге жас санатының белгісін міндетті түрде салу және таңбалаусыз контентті бұғаттау туралы талапты енгізу;
  6. жас верификациясы жүйесімен интеграциялауды бақылау бойынша уәкілетті органдардың құзыретін бекіту.

Телекоммуникация нарығы мен деректерді өңдеу орталықтарын дамыту бойынша заң жобасы

2026 жылы сондай-ақ Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне телекоммуникация нарығы мен деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының қабылдануы күтілуде.