Казахтелеком

73%

3.5. Инновациялар

Спутниктік және халықаралық технологиялық серіктестіктер

2025 жылы «Қазақтелеком» АҚ спутниктік байланыс саласында халықаралық технологиялық компаниялармен ынтымақтастықты кеңейтті.

Amazon Kuiper-мен «Қазақтелеком» АҚ инфрақұрылымын пайдалана отырып, Қазақстанда жоба жерүсті инфрақұрылымын орналастыру, салу және қосу шарттарын айқындайтын Master Service Agreement келісіміне қол қойылды. Қосымша Қазақстанда спутниктік байланыс қызметтері мен пайдаланушы жабдықтарын ұсынуға эксклюзивті дистрибьюторлық шарт жасасылды.

Параллель түрде Компания Starlink-пен телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша, сондай-ақ ынтымақтастықтың техникалық және коммерциялық үлгілерін пысықтау бойынша өзара іс-қимылды жалғастырды. Келіссөздер қорытындысы бойынша Starlink жобасы бойынша Компанияға жекелеген телекоммуникациялық сервистер ұсыну туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.


L1-арналарды беру қызметтерін ұйымдастыру

2025 жылы «Қазақтелеком» АҚ меншікті магистральдық оптикалық OTN/DWDM желісі негізінде Alien Wavelength технологиясы бойынша L1-арналарды беру қызметін көрсетуді ұйымдастырды.

Қызмет тапсырыс берушінің оптикалық толқын ұзындығын қосымша жабдықты орнатпай қолданыстағы инфрақұрылымды пайдалана отырып беруге мүмкіндік береді. Сервис шеңберінде мемлекеттік тапсырыс берушілер үшін жиілігі 100 ГГц және өткізу қабілеті 100 Гбит/с-қа дейінгі арна ұсынылады.


«Ауыл Online» жобасы

«Ауыл Online» жобасы ауылдық елді мекендерде жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізуді кеңейтуге және өңірлерде сандық инфрақұрылым сапасын арттыруға бағытталған.

2027 жылдың соңына дейін ауылдық аудандардың 1 млн-нан астам тұрғынын жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділікпен қамтамасыз ету жоспарланған. Жоба 2 991 ауылды, 62 мың үйді, 2 011 мектепті және 3 029 мемлекеттік мекемені қамтиды.

Жобаны іске асыру ауылдық елді мекендер тұрғындарының онлайн-білім беру, телемедицина және мемлекеттік қызметтерді қоса алғанда, сандық сервистерге қол жеткізуін кеңейтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ жоба қала мен ауыл арасындағы сандық алшақтықты азайтады және өңірлерді дамыту үшін базалық инфрақұрылым жасайды.


Қол жеткізу желілерін және ашық архитектураларды дамыту

2025 жылы Қонаев қ. VOLTHA платформасын пайдалана отырып, ашық архитектуралық шешімдер негізінде оптикалық қол жеткізу желісін тестілеу бойынша MVP-жоба іске асырылды. Пилоттық аймақ «Қазақтелеком» АҚ-ның қолданыстағы тарифтік шарттарында интернет пен теледидар қызметтеріне абоненттерді қоса отырып, SunCity тұрғын кешенінде өрістетілді.

Жоба әртүрлі өндірушілердің жабдығын бірыңғай желіде интеграциялау мүмкіндігін растады және ашық архитектуралық шешімдердің артықшылықтарын көрсетті.

Қосымша инфрақұрылымның икемділігін арттыруға және жабдық жеткізушілерінен тәуелділікті азайтуға бағытталған меншікті OpenOMCI ME Stack әзірлеудің бірінші кезеңі аяқталды. Негіз ретінде ITU-T G.988 (11/2022) халықаралық стандартының соңғы нұсқасына сәйкес VOLTHA open-source-жобасының OMCI вендорға тәуелсіз іске асырылуы алынды, оның негізінде Kazakhtelecom OpenOMCI ME Stack кестесі дайындалды.

OpenOMCI барлық OLT/ONT өндірушілеріне арналған Managed Entities (ME) бірыңғай анықтамалығын білдіреді және инфрақұрылымды жеңілдетуге және үйлесімділік проблемаларын жоюға бағытталған. Шешім кез келген OLT-мен (біздің ME жиынтығымен) және vOMCI-мен жұмыс істейтін әмбебап абоненттік құрылғыларды пайдалануға мүмкіндік береді, бұл вендорлардан тәуелсіздікті қамтамасыз етеді және жаңа сервистерді іске қосуды жеделдетеді.

OpenOMCI PON инфрақұрылымының икемділігі мен ауқымдалуын арттырады және жабдық таңдауын кеңейтеді. Меншікті OpenOMCI ME-ді әзірлеу «Қазақтелеком» АҚ-да арнайы осы мақсат үшін құрылған зертханада жүргізілуде.

Желілік шешімдерді тестілеу

Есепті кезеңде жаңа байланыс шешімдерінің технологиялық сынақтары жүргізілді:

  • Алматы қ. «Magnum» супермаркетінің бұрын байланыстың қолжетімділігімен проблемалар байқалған бөлімдерінің бірінде Picocell мини-станциясы негізіндегі indoor-шешімді тестілеу. Сынақтар қорытындысы бойынша жабдық «Кселл» АҚ операторының желісімен табысты интеграцияланды, тұрақты 4G/5G қамту қамтамасыз етілді, сондай-ақ сигнал сапасы мен деректер беру жылдамдығының көрсеткіштері жақсартылды, бұл үй-жайлар ішінде сигналдың кіру деңгейі төмен нысандар үшін шешімді қолдану тиімділігін растады;
  • OpenRAN архитектурасын қоса алғанда, 4G және 5G технологиялары негізіндегі тіркелген сымсыз қол жеткізу (FWA) шешімдерін тестілеу. Сынақтар бұрын ескірген сымды технологиялар бойынша қосылған қолданыстағы абоненттерде жүргізілді. Тестілеу барысында жабдық «Қазақтелеком» АҚ желісіне интеграцияланды, деректердің тұрақты берілуі қамтамасыз етілді және сервистің нақты пайдаланушы жүктемесі кезінде жұмыс істеуі расталды. Өлшеулер нәтижелері бойынша қолданыстағы инфрақұрылыммен салыстырғанда қол жеткізу жылдамдығы мен қосылым сапасының өсуі тіркелді.

Сынақтар желіні жаңғырту және кең жолақты қол жеткізуді кеңейту үшін шешімдерді қолдану мүмкіндігін растады.


Орман өрттерін ерте анықтау жүйесі

Компания сонымен қатар Экология министрлігінің тапсырысымен «Семей орманы» МОТР үшін орман өрттерін ерте анықтау жүйесін құру жобасына қатысады.

Жоба 37 бақылау пунктінде бейнекамераларды орнатуды, антенналық-діңгектік құрылыстарды салуды және жедел басқару орталығымен бейнемониторинг жүйесін енгізуді көздейді.

Жобаны іске асыру 2025–2026 жж. жоспарланған.