Директорлар кеңесі Төрағасының үндеуі
GRI 2-22
Құрметті акционерлер, әріптестер, клиенттер мен серіктестер!
2025 жыл «Қазақтелеком» АҚ үшін дамудың келесі деңгейіне көшу кезеңіне айналды, оның шеңберінде телекоммуникациялық инфрақұрылым тұрақты экономикалық өсу мен елдің сандық интеграциясының негізгі факторы ретінде қарастырылады. Компания Қазақстан Республикасының сандық трансформациясының жүйе құраушы қатысушысы ретіндегі рөлін нығайтуды жалғастырды, ұлттық байланыс инфрақұрылымын дамытуды және халықаралық технологиялық өзара іс-қимылды кеңейтуді қамтамасыз етті.
Есепті жылы Директорлар Кеңесі ұзақ мерзімді стратегиялық бағдарларды қалыптастыруға және Компания бизнес-моделінің орнықтылығын арттыруға назар аударды. Топтың 2025–2029 жылдар кезеңіне арналған даму басымдықтары, сондай-ақ жасанды интеллект және сандық платформалар саласындағы бастамаларды іске асырудың жол карталары бекітілді. Директорлар Кеңесі өткізген стратегиялық сессия одан әрі өсудің негізгі бағыттарын айқындауға және инвестициялық шешімдердің Компанияның ұзақ мерзімді мақсаттарымен келісілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Негізгі бағыттардың бірі халықаралық байланыстылықты нығайту және Қазақстанды жаһандық сандық экожүйеге интеграциялау болды. Жыл бойы Компания жетекші әлемдік технологиялық серіктестермен ынтымақтастықты кеңейтті, оның ішінде Amazon Kuiper, халықаралық байланыс операторларымен және Tier-1 провайдерлерімен келісімдер жасасты, сондай-ақ Каспий теңізінің түбі бойынша су астындағы талшықты-оптикалық байланыс желісін салудың стратегиялық жобасын іске асыруды жалғастырды, кабельді төсеу 2026 жылға жоспарланған. Бұл бастамалар Қазақстанды өңірлік сандық транзиттік хаб ретінде дамытуға негіз қалыптастырады.
Маңызды қадам егемен интернет инфрақұрылымын дамыту болды. Қосымша түбірлік DNS-серверлерді орналастыру және интернет-ресурстарды басқару саласындағы халықаралық өзара іс-қимылды кеңейту Интернет желісінің ұлттық сегментінің орнықтылығы мен сенімділігін арттырып, пайдаланушылар мен бизнес үшін қол жеткізу сапасының жоғары деңгейін қамтамасыз етті.
Директорлар Кеңесі болашақтың технологиялық бағыттарына да айрықша назар аударды. Жасанды интеллект міндеттеріне арналған жоғары өнімді есептеуіш инфрақұрылымды іске қосу үлкен деректерді өңдеу негізіндегі инновациялық сервистерді, ғылыми зерттеулерді және корпоративтік шешімдерді дамытуды қолдай алатын жаңа сандық платформаны қалыптастырудың маңызды кезеңіне айналды.
A «Қазақтелеком» АҚ тұрақты дамуды Компанияның ұзақ мерзімді стратегиясы мен бизнес-моделінің ажырамас бөлігі ретінде қарастырады. Ұзақ мерзімді құндылық жасауды Компания сенімді телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамытумен, сандық қолжетімділікті кеңейтумен, деректерді жауапты басқарумен, экологиялық әсерді азайтумен және корпоративтік басқару сапасын арттырумен байланыстырады. Директорлар Кеңесі негізгі әсерлерге, тәуекелдерге және мүмкіндіктерге, оның ішінде сандық алшақтықты қысқартуға, инфрақұрылымның сенімділігі мен киберорнықтылығына, климаттық және экологиялық тәуекелдерге, энергия тиімділігіне, адами капиталды дамытуға, іскерлік этикаға және қызмет ашықтығына назар аударды. A
Корпоративтік басқару саласында Компания басқарушылық тәжірибелерді дәйекті жетілдіруді жалғастырды. 2025 жылы Корпоративтік басқару кодексінің жаңа редакциясы бекітіліп, директорлардың тәуелсіздігіне және тұрақты даму қағидаттарын шешім қабылдау процестеріне интеграциялау талаптары күшейтілді. Компания БҰҰ Жаһандық шартына қосылды және халықаралық стандарттарға сәйкес тәуекелдерді басқару, комплаенс пен ішкі бақылау жүйесін дамытуды жалғастырды.
Директорлар Кеңесі қол жеткізілген нәтижелерді цифрландырудың жеделдеуі және инфрақұрылым сенімділігіне қойылатын талаптардың өсуі жағдайында Компанияны одан әрі дамытудың негізі ретінде қарастырады. Алдағы кезеңде технологиялық тәуелсіздікті арттыру, халықаралық серіктестіктерді дамыту, инвестицияларды тиімді басқару және акционерлер мен қоғам үшін ұзақ мерзімді құндылық жасау басымдықтар болып қала береді.
Компания қызметкерлеріне, серіктестерге және
барлық мүдделі тараптарға «Қазақтелеком» АҚ-ны дамытуға қосқан үлесі және стратегиялық
бастамаларды қолдағаны үшін алғыс білдіремін.